Кінәлі лауазымды тұлға заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды
Ақмола облысы прокуратурасы қабылдаған шаралармен 75 млн теңгеден астам сомаға заңсыз мемлекеттік сатып алудың алдын алды. Бұл туралы Sarbaz.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ерейментау аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң нормаларын сақтау бойынша талдау жүргізілді.
«Аудан әкімдігі заңнама талаптарын бұза отырып, веб-порталда жалпы сомасы 75 млн. теңгеге 5 дана су тарату пункттерін сатып алу жоспары бекітілгені анықталды (бірлігінің орташа бағасы 15 млн.теңгені құрады). Бұл сатып алу заңсыз «бір көзден», яғни бәсекелестік ортадан тыс, тікелей шарт жасасу арқылы жоспарланған.
Сонымен қатар, интернет желісіндегі хабарландырулар мониторингімен тауар бірлігінің орташа бағасы 9,3 млн теңгені құрайтыны анықталды, бұл 5 млн теңгеге арзан (үнемдеу жиынтығы 29 млн теңгені құрайды).
Қадағалау актісімен жоғарыда көрсетілген сатып алудың күші жойылып, кінәлі лауазымды тұлға заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.