Оралда су тасқыны кардиологиялық орталыққа зиян тигізді

Науқастар басқа ауруханаға көшірілді

Sarbaz.kz редакторы
01/04/2024 - 09:01

Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасы

Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасы

Орал қаласында су басу қаупі төнуіне байланысты облыстық кардиологиялық орталықта ем алып жатқан науқастар түгелдей қалалық көпбейінді ауруханаға көшірілді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, барлығы 77 емделуші аталған ауруханаға орналастырылды.

Көшіру жұмыстарына басқарма басшылары, басқа да мекеме директорлары қатысып, кардиологиялық орталықтың барлық қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ басқа да медицина мекемелерімен қатар БҚО ТЖД жеке құрамы және облыстық полиция департаментінің күші құралдары тартылды.

БҚО ТЖ департаментінің нақтылауынша, Шаған және Деркөл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты кардиологиялық орталыққа қоса «Мичурин», «Ветеран», «Самал 1, 2, 3», «Ягодка», «Вишенка», «Үміткер», «Путеец», «Вишневый сад», «Нива», «Росток», «Телеорталық» саяжай қоғамдары мен «Үміт» шағынауданына қауіп төнді. Бұларда тұратын тұрғындарға эвакуациялық пунктке көшу ұсынылды. Кезекшілік ұйымдастырылды. Тұрғындар кез келген уақытта көше алады.

Сонымен қатар Орал қаласына іргелес орналасқан Теректі ауданы Подстепный ауылында да күрделі жағдай қалыптасып, осындай жұмыстар жүргізілуде.

Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес қазіргі уақытта 160-тай адам эвакуациялық пунктерге орналасқан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Казталов ауданында өзен тасып, 22 ауылды су басуы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85