Соғыс жүргізу мәселесі бойынша келіспеушіліктерге қарамастан, Байден әкімшілігі Израильге қару-жарақ бермеу арқылы қысым көрсетуді дұрыс емес деп санайды
АҚШ Израильдің Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах операциясына және Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен қарым-қатынасының шиеленісуіне байланысты келіспеушілікке қарамастан, Израильге бомбалар мен жойғыш ұшақтар түрінде әскери көмек жіберуге келісті. Бұл туралы The Washington Post өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Әскери көмек пакетіне 1800-ден астам МК-84 бомбасы және жарты мыңнан астам МК-82 бомбасы кіреді. Сонымен қатар шамамен 2,5 миллиард доллар тұратын 25 F-35A жойғыш ұшақтары мен қозғалтқыштарын беру мақұлданған-мыс. Бұл қаруды жөнелту конгресстің мақұлдауын қажет етпейді, өйткені бұл көп жылдар бұрын жасалған келісім.
Бұл жағдай АҚШ пен Израиль арасында соғыс жүргізуге қатысты келіспеушіліктің бар болғанымен, Байден әкімшілігі әскери көмек арқылы қысым көрсетуді дұрыс емес санайтынын көрсетеді. Біз Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын қолдауды жалғастырамыз. Көмек көрсетуге шарт қою біздің саясатымыз емес, – деді Ақ үй өкілі газетке. Израиль үкіметінің өкілі WP-ке жаңа әскери көмек туралы түсініктеме бермеді.
Наурыз айының ортасында Нетаньяху кабинеті Рафахтағы жерүсті операциясының жоспарын бекіткені белгілі болды. Журналистер қарап шыққан құжатта Израиль қорғаныс күштері қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға дайындалып жатқаны айтылған. Бұл арада операцияның нақты уақыты көрсетілмеді.
АҚШ әкімшілігі Израильдің Рафахтағы ауқымды әскери операциясына бірнеше рет қарсылық білдірді. Бұл Мемлекеттік департаменттің пікірінше, осы қаланы паналаған 1,4 миллионнан астам тұрғынының онсыз да қиын жағдайын қиындатады.
Дегенмен АҚШ пен Израильдің айтуынша, Рафахта ХАМАС лаңкестік тобының 4 батальоны қалған. Байден қаладағы әскери іс-қимылдар «қызыл сызықты кесіп өтумен тең» болатынын айтты.
Мемлекеттік хатшы Антони Блинкен Израильдің қауіпсіздік мүдделерін де, палестиналық бейбіт тұрғындарды да қорғауды қамтамасыз ететін Рафахта әскери операция жүргізудің балама нұсқалары бар екенін баса айтты.