Қарулы күштерден барлығы 330-дың үстінде әскери қызметші және 15 бірлік әскери техника мен авиация жұмылдырылды
Атқарушы билік органдарымен және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп әскери қызметшілер тәулік бойы су тасқынына қарсы және одан құтқару жұмыстарына атсалысып жүр, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарулы күштердің жеке құрамы Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарына құтқару жұмыстарына тартылды.
Ақтөбе қаласының «Заречный-3» шағын ауданында су тасқынына қарсы іс-шараларға 20709 әскери бөлімінің 12 әскери қызметшісі жұмылды. Қозғалыс жұмыстарына екі камаз бөлінді.
Елордалық авиабазаның Ми-17 және Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары Қостанай облысының Арқалық қаласынан 100 шақырымдық жердегі адамдарды көшірді. Амангелді ауылының эвакуациялық пунктіне 39 адам жеткізілді, оның 17-сі бала.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының ұшқыштары Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы ауылдарды құтқаруға көмектесу үстінде. Ақтөбе өңірінің Ойыл ауылындағы қыстаудан Ми-8 тікұшағының экипажы 74 адамды алып шықты. Қоржын ауылынан Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауылына 100 ауыл тұрғыны жеткізілді. Оларға қажетті көмек көрсетілді.
Ақмола облысы Ақкөл қаласының ағын су кәріздерін тазартуға 55209 әскери бөлімінің 20 әскери қызметшісі жұмылды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өтініші бойынша Күршім ауданы Боран ауылына Аягөз қаласынан 02352 әскери бөлімінің 11 әскери қызметшісі жіберілді. Мұнда Қара Ертіс өзеніндегі мұздың кептелуіне байланысты су деңгейінің күрт көтерілуі байқалады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін төрт жол талғамайтын автомобиль, оған қоса жүк камаздары бөлінді.
Су басу қаупінің алдын алу және жергілікті халықты құтқару шаралары әлі де жалғасуда. Қарулы күштерден барлығы 330-дың үстінде әскери қызметші және 15 бірлік әскери техника мен авиация жұмылдырылды.