Қаңтар оқиғасында бүлдіршінді атып өлтірген әскери қызметкер 7 жылға сотталды

Оқиға 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында болған

Sarbaz.kz редакторы
28/03/2024 - 17:24

Фото: Reuters / Pavel Mikheyev

Фото: Reuters / Pavel Mikheyev

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша (ҚК 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен) айыпталған әскери қызметші А.Жұманға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, бұған дейін ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған. Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған.

«Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады. Сот алқасымен анықталғаны: 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында сотталушы А.Жұман блок-бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок-бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 жылы туған Айкөркем Мелдехан) қайтыс болып, ал кәмелетке толмағанға (2006 жылы туған Ж.Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді. ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша А.Жұман кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды», - делінген ҚР Әскери сотының хабарламасында.

Сонымен қатар, сот алқасы ҚР Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заң бұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жекеше қаулы шығарды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85