Жыл басынан бері 300 қазақстандық интернет алаяқтың тұзағына түскен

2-3 ай ішінде алаяқтар жұртшылықтан 4 млрд теңгес жымқырған

Нұрдәулет Кәкіш
28/03/2024 - 16:38

Фото: pravo.by

Фото: pravo.by

Жыл басынан бері 300-ден аса қазақстандық жалған жобаларға ақша құйып, сан соғып қалған. Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ең көп тіркелген интернет алаяқтық түрлері туралы айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«2 айда 3 мыңнан аса интернет алаяқтық тіркеліп, азаматтарға 4 млрд теңгеден аса шығын келді. Біздің елде интернет алаяқтықтың ең көп тараған тәсілі белгілі сауда алаңдары мен чаттарында, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде хабарландыру мен жарнамалар арқылы жасалатын интернет сауда. Әдетте алаяқтар өз қызметінің немесе тауардың бағасын нарықтағыдан төмен етіп көрсетіп, алдын ала жартылай немесе толық төлем сұрайды. Биыл мыңнан аса осындай қылмыс тіркелді», - деді ол.

Оның сөзінше, алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтарға біріншіден, тексерілген жаранама сайттарын пайдалану керек; екіншіден, тауарды қолға алғаннан кейін ғана төлем туралы келісу қажет; содан кейін тауардың бар екеніне бейнеқоңырау арқылы көз жеткізу керек. Тауар басқа қалада болса, сондағы туыстарыңыз бен таныстарыңыз арқылы алғызу қажет. Сондай-ақ ол қазақстандықтар күмәнді брокерлік компанияларға, жобаларға инвестиция салу арқылы ақшаны тез көбейтудің түрлі схемаларына қатысудан шектелмей келе жатқанын атап өтті.

«Жыл басынан бері 300-ден аса қазақстандық осындай схемаларға алданған. Олар өз ақшаларын өмірде жоқ жобаларға салған. Кейбірі тіпті несие алып салған. Алаяқтар ұлттық компаниялардың банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды қызықтыруда», - деді Жандос Сүйінбай.

Сонымен қатар орталық бастығы тағы бір кең таралған әдіс банктер мен құқық қорғау органдарының, басқа мемлекеттік орган қызметкерлерінің атынан шалынатын телефон қоңыраулары екенін айтты.

Жандос Сүйінбайдың сөзінше, интернет-алаяқтар қазіргі таңда адамдарды алдаудың тың тәсілдерін ойластыруды жалғастыруда.

 

Сондай-ақ оқыңыз

×

Редакция

$ 498.51  522.84  4.81