«Өз өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қорғаудағы өмірлік тәжірибе жинау үшін оқу-жаттығуларға мектеп оқушылары мен студенттерді де тартуды қарастырған жөн»
Салынып жатқан барлық мәдени және спорттық кешендердің құрылысын мемлекет қатаң бақылауда ұстауы қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Айдос Сарым сөзінің басында Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» залында болған терактты Қазақстанның әлем елдері арасында ең алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізгенін тілге тиек еткен ол қауіпсіздікті күшейтудің алғышарттарын айтты.
«Салынып жатқан барлық мәдени және спорттық кешендердің құрылысын мемлекет қатаң бақылауда ұстауы қажет. Ондағы құрылыс материалдарының сапасынан бастап персонал мен азаматтардың қауіпсіздігіне аса мән беру керек.
Екіншіден, қазірден бастап еліміз бойынша өткізіліп жатқан барлық мәдени және спорттық іс-шараларды бақылауға алу керек. Ұйымдастырушылардың күштік құрылымдар мен жедел көмек қызметімен өзара әрекеті туралы нақты механизмдерді жазу қажет. Елдегі әр концерт залы мен әр спорттық нысанның төтенше жағдайға арналған нақты жоспары болуы керек. Ондағы кәсіби персонал үнемі біліктілігін арттырып отыруы тиіс.
Сонымен қатар көпшілік жиналғанда болатын оқиғаларға арнайы инструктаж үнемі өткізіліп тұруы қажет. Әртүрлі оқиға бола қалса, бұл залдар азаматтарды өлімге апарып соқтыратын тұзаққа айналмауы керек.
Ұйымдастырушылар қосымша персонал жалдап, Ішкі істер және ТЖ органдарын жұмылдырып, азаматтарды қауіпсіз аймаққа эвокуациялауды ұйымдастыруы керек. Сондай залдар мен нысандарда персоналдарға өртке қарсы және басқа да төтенше жағдайларға қарсы оқу-жаттығулар өткізудің кестесін құру да маңызды. Керек болса, өз өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қорғаудағы өмірлік тәжірибе жинау үшін оқу-жаттығуларға мектеп оқушылары мен студенттерді де тартуды қарастырған жөн.
Үшіншіден, адам аяғы үзілмейтін мәдени залдар мен спорттық нысандарға олардың антитеррорлық қауіпсіздігіне, тиісті құрал-жабдықтары мен өртке қарсы сигналдармен қамтамасыз етілгеніне, олардың қаншалықты істеп тұрғанына тексеру жүргізу керек. Сонымен қатар енді салынып жатқан осындай жаңа нысандардың құрылыс материалдарынан бастап қауіпсіздігінің қарастырылғанына аса мән берудің, оларды тексерудің маңызы зор», - деді Айдос Сарым депутаттық сауалында.
Сонымен қатар депутат Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» залында лаңкестер қолынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.