БҰҰ Газа секторындағы атысты тоқтату туралы қаулыны алғаш рет қабылдады

АҚШ бұл қаулыға алғаш рет қарсылық білдірген жоқ

Sarbaz.kz редакторы
26/03/2024 - 10:58

Фото: Reuters

Фото: Reuters

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақыратын қаулы қабылдады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл 2023 жылдың қазан айынан бергі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған алғашқы үндеу. Бүгінге дейін АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осындай қарарларына тосқауыл қойып келді. Ал бұл жолы Вашингтон дауыс беруден бас тартты.

Өткен аптада Ресей мен Қытай да АҚШ ұсынған Газа секторындағы жағдайға қатысты қарарға тосқауыл қойды. Ол атысты тез арада тоқтатуға шақыруды ХАМАС тұтқындаған израильдіктердің босатылуымен байланыстырды.

Дүйсенбіде қабылданған қарарды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ұсынды. Оның мәтінінде кепілге алынған адамдарды дереу және ешқандай шартсыз босатуға шақыру бар.

АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі қарарына тосқауыл қоймағаны Вашингтон мен Израиль арасында Газа секторындағы операцияға қатысты келіспеушіліктердің артып келе жатқанын көрсетеді.

Атап айтқанда, Америка билігі Израильді Газаның бейбіт тұрғындары арасында құрбан болғандардың көбеюіне байланысты сынға алды. Анклавтың ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соғыс басталғаннан бері Газада 32 мыңнан астам адам қаза болды, олардың көпшілігі – әйелдер мен балалар.

Сондай-ақ, АҚШ Израильді Газаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін көбірек мүмкіндік жасауға шақырды, өйткені бұл аймақтың бүкіл халқы аштыққа ұшыраған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының шенеуніктері Израильді Газаға көмек көрсетуге кедергі келтірді деп айыптады. Алайда Израиль билігі БҰҰ агенттіктері азық-түлік таратуды қамтамасыз ете алмағанын айтып отыр.

Вашингтонның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарының қабылдануына кедергі жасамау туралы шешіміне байланысты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль делегациясының Ақ үйге сапарын тоқтатты.

АҚШ президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Джон Кирби Вашингтонның Израильге қатысты ұстанымын өзгертпейтінін айтты.

«Біз ылғи да нақты позиция ұстандық және кепілге алу келісімінің бір бөлігі ретінде бітімгершілікті қолдадық», - деді Кирби.

Айта кетейік, аймақтағы соғыс 2023 жылы 7 қазанда қарулы ХАМАС мүшелері Израильге шабуыл жасағаннан кейін басталды. Бұл қақтығыста 1,2 мыңға жуық израильдік қаза тапты, олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар, тағы 253 адам кепілге алынды.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4