Нигер еліндегі мемлекеттік төңкеріс: жағдай қалай өрбіп жатыр

Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы бүлікшілерге сес көрсетті

Нұрдәулет Кәкіш
08/08/2023 - 18:49

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Нигер әскерилері билікті тақтан тайдырып, елде төңкерістің басталғанына екі аптаға жуықтады. Ондағы жағдай тұрақталды ма? Қазіргі ахуал қалай? Sarbaz.kz тілшісі шолу жасап шықты.

Батыс Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы өткен аптада президенттік гвардия бастығы Абдурахман Тчиани бастаған көтеріліс басшыларына биліктен құлатылған президент Мұхамед Базумды жексенбі күні кешке дейін қайта таққа отырғызбаса, күш қолданатындарын айтып, сес көрсетті. Бұл туралы BBC ақпарат агенттігі хабарлады.

Алайда Нигердегі төңкеріс жетекшілері олардың бұл ескертуін аса елей қоймағанмен, көрші мемлекеттердің сұқтануынан сақтанып, елдің әуе кеңістігін жауып тастады.

«Көршілес елдердің дайындығы арқылы айқынырақ болатын интервенция қаупіне қарамастан, Нигердің әуе кеңістігі жексенбіден бастап барлық ұшақтар үшін қосымша ескертуге дейін жабылады», - делінген бүлікшілер мәлімдемесінде.

Көтерілісшілер Нигердің Қарулы күштері елді қорғауға дайын екенін және әуе кеңістігін бұзудың кез келген әрекеті жедел тойтарыс жауапқа тап болатынын жеткізді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ВВС-ге Вашингтон Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығының әрекетін және оның Нигердегі дағдарысқа қатысты ұстанымын толық қолдайтынын айтты.

«Конституциялық тәртіпті қалпына келтіру өте маңызды. Менің ойымша, Африка мемлекеттерінің экономикалық қауымдастығы елді осы бағытқа қайтаруда өте маңызды рөл атқарады», - деді Блинкен.

АҚШ та, Еуропалық Одақ та бұған дейін демократиялық жолмен сайланған Нигер үкіметін қалпына келтіру мүмкіндігі әлі де бар екенін мәлімдеді.

Естеріңізге салсақ, 26 шілде күні Нигер әскерилері ел президент Мұхамед Базумды тақтан тайдырып, генерал Триани өзін елдің жаңа көшбасшысы деп жариялаған болатын. Ел тізгінін өз қолына алған Триани сыртқы күштерді Нигердегі жағдайға араласпауға шақырды.

Алайда бұл әскери бүлікті халықаралық қоғамдастықтар, соның ішінде Франция мен ЕО-ның басқа да елдері, сондай-ақ БҰҰ мен АҚШ қатаң айыптады. Франция тарапы Малимен бірге бүлікшілерді қолдаған Буркина-Фасоның көмегін тоқтатты. АҚШ тарапы Нигерде 10 жылдан бері орналасқан әскерін базада қалуға бұйрық берді

Жексенбіде мыңдаған төңкерісші ел астанасы Ниамейдегі генерал Сейни Кунче стадионына жиналды. Стадионға көптеген адам Ресей жалауын көтеріп шықты. Дегенмен Ресей де бұған дейін төңкерісті айыптаушылардың қатарында болған.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы орынбасарының міндетін атқарушы Виктория Нуланд дүйсенбі күні Нигерге барып, президентті биліктен ығыстырған әскерилермен кездесті. Алайда олар АҚШ дипломатын тақтан тайдырылған президентпен және төңкеріс жетекшісімен кездесуін ұйымдастырудан бас тартты.

Нуланд журналистерге ел астанасы Ниамейден кетер алдында әскерилермен кездесу екі сағаттан аса уақытқа созылғанын айтты. Бірақ бүлікшілерді төңкерісті тоқтатуға көндіру әзірге мүмкін болмағанын жеткізді.

«Өте ашық әңгіме жүргіздік. Бірақ арасында тілдесу сәл күрделілеу болды. Бұл АҚШ тарапының оларға (бүлікшілерге) Конституциялық тәртіпке оралу жөніндегі бейбіт қызметтерін ұсынған алғашқы әңгімесі болды», - деді ол.

Нуландтың айтуынша, ол әскери штабтың жаңа бастығы болып тағайындалған бригадалық генерал Мусса Салау Бармумен және басқа да төңкеріс жетекшілерімен кездесті. Алайда Мұхамед Базумды тақтан тайдырып, өзін елдің жаңа көшбасшысы деп жариялаған президент гвардиясының басшысы Абдурахман Тчианимен кездесу туралы өтініш жауапсыз қалған. Дегенмен АҚШ дипломаттары бұған дейін Базуммен телефон арқылы байланысқа шыққан.

Нуланд әскерилерге дұрыс қадам жасаудың бірнеше нұсқасын ұсынғанын, егер Нигер Базумды қайта таққа отырғызса немесе көрші Малидің жолымен жүріп, ресейлік жалдамалы «Вагнер» әскери компаниясымен ынтықтастық орнатса, оның салдары неге апарып соқтыратынын нақты айтқанын жеткізді.

«Олар дипломатияға ашық болады деп үміттенемін. Біз ұсыныс жасадық. Көрейік. Мұндай әрекет жасаған адамдар «Вагнерді» шақыру олардың егемендігіне қандай қауіп төндіретінін жақсы түсінеді деп ойлаймын», - деді Нуланд.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91