Жойғыш ұшақтардың алғашқы легін Дания жазда, ал Нидерланд жыл соңына дейін береді
Украина осы жылдың жазында алғашқы F-16 жойғыш ұшақтарын Даниядан алады. Ал Нидерланд ұшақтарды 2024 жылдың екінші жартысында жеткізеді, деп мәлімдеді Нидерланд Қорғаныс министрі Кайса Оллонгрен Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Біз реалист болып, бұл ұзаққа созылатын соғыс болуы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Сондықтан барлығын жан-жақты жоспарлаған дұрыс, – дейді Оллонгрен.
Даниямен қатар Литва да ұшақтарды жазда беруге уәде берген еді. Жоспар бойынша Украина әскери күштері жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізеді, ал қиын жұмыстар Польша мен Еуропаның басқа мемлекеттерінде істеледі.
Бұл ұшақтар Украинаның әуе қорғанысын нығайтуға мүмкіндік береді, алайда барлық мәселені шешпейді деп ескертті НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Майдан даласындағы жағдайды өзгертетін қару-жарақ жүйесі жоқ. Бұл көптеген мүмкіндіктерді бір уақытта біріктіру мәселесі. Біз ұзақ және қиын шайқастарға дайын болуымыз керек, – деп мойындады ол.
Ресей Батыс елдерінің Украинаға әскери көмек көрсетуін айыптап, бұл қақтығыс уақытын созғанымен, оның нәтижесін өзгертпейтінін мәлімдеді. Ресей Қорғаныс министрлігінің болжамы бойынша Украинаға жіберілетін жойғыш ұшақтар бірнеше аптада жойылады.