Бэнд-марафон: әлемнің 8 елінің әскери оркестрлері елордада өнер көрсетеді

Sarbaz.kz редакторы
30/06/2023 - 00:03

Көрнекі фото ашық дереккөзден

Көрнекі фото ашық дереккөзден

6-9 шілде күндері астаналықтар мен қала қонақтары қазақстандық және шетелдік әскери оркестрлердің өнерін тамашалайды. Астананың 25 жылдығына орай Қазақстанда тұңғыш рет «Астана – мәдениет керуені» халықаралық әскери-музыкалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Қазақстан, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Пәкістан және Жапония елдерінің әскери оркестрлері елорданың басты сахнасында өнерлерін паш етеді.

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы баспасөз қызметінің мәліметінше, айтулы шараның салтанатты ашылуы 6 шілде күні Амфитеатрда Бэнд-марафон форматында өтеді. Онда әр ұжым 20 минуттан өнер көрсетеді.

7 шілде күні әскери музыкалық ұжымдар бұған дейінгі әлемнің әртүрлі қалаларындағы шығарылымдарды қайта жаңғыртады. Елордалықтар мен қала қонақтары үшін Орталық саябақта, «Хан-Шатыр» СОО-да, «Бәйтерек» монументінің маңындағы алаңда шоу бағдарламалар ұсынылады.

Фестиваль 8 шілде күні 11 мың көрермен сиятын «Барыс-Арена» мұз айдынында қорытындыланады.

Қазақстанның атынан өнер көрсететін ҚР ҚК Орталық әскери оркестрінің бас дирижері, майор Алмас Ибрагимовтің айтуынша, шетелдік оркестрлердің басым көпшілігі өз нөмірлеріне қазақтың ұлттық музыкасын да қосады. Жалпы, отандық және шетелдік оркестрлер қандай нөмірлерді орындайтыны әзірге құпия. Өнер ұжымдары көрерменге тосынсый ұсынбақ.

Зор қолдауға ие болған «Астана – мәдениет керуені» жылдың ең таңдаулы оқиғаларының бірі болады деп күтілуде.

«Бұл фестиваль алдағы жылдары Эдинбург және Базель сияқты әлемдегі ең үлкен фестивальдармен бәсекелесуге қабілетті әлемдік деңгейдегі іс-шара болады деп үміттенеміз», - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетсек, бұған дейін мұндай фестивальдер 1950 жылдан бері Шотландия астанасы Эдинбург қаласында, Швейцарияның Базель қаласында, Норвегияның астанасы Осло қаласында, Финляндияның Хамина қаласында және басқа да көптеген қалаларда ұйымдастырылған.

Нұрдәулет Кәкіш

Тегтер

×

Редакция

$ 478.93  534.96  5.16