Заң жобасына адам саудасының құрбаны, адам саудасының ықтимал құрбаны, осал жағдай және адам саудасына қатысты субъектілері сияқты бағыттар, жаңа ұғымдар енгізіледі
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов «Қазақстан Республикасындағы Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» негізгі заң жобасы туралы баяндады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға және Біріккен Ұлттар Ұйымының Палерма хаттамасына сәйкестендіруге бағытталған. Заң жобасына адам саудасының құрбаны, адам саудасының ықтимал құрбаны, осал жағдай және адам саудасына қатысты субъектілері сияқты бағыттар, жаңа ұғымдар енгізіледі. Заң жобасының ерекшелігі осы саладағы кешенді және жүйелі профилактикалық тетіктерінің қалыптасуы. Жалпы заң жобасы төрт негізгі бағытты қамтиды», - деді министр.
Оның айтуынша, бұл заң жобасына екі ілеспе заң жобасы әзірленді.
Негізгі заң жобасына жаңа ұғымдар енгізіліп, кейбір анықтама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Заң нормалары қолданылатын тұлғалар шеңберi айқындалып, уәкiлеттi мемлекеттiк орган құрылады, адам саудасына қарсы күрес субъектiлерi мен олардың құзыретi нақтыланады. Сонымен қатар адам саудасының тәуекелін бағалау және құрбандарды қайта бағыттау тетігі енгізіледі. Адам саудасы құрбандарының құқықтары, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық негіздері де қарастырылған.
Бұл заң жобасына қатысты пікір білдірген депутат Бақытжан Базарбек министрден интернет арқылы жарнама ұйымдастыратын шетелдік азаматтардың жауапкершілігі туралы сұрады.
«Заң жобасында интернет арқылы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзалары мен тіндерді сатып алу, сату, сондай-ақ балаларды заңсыз асырап алуға беру туралы жарнамаларды көруге болады. Заманауи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Мұнда республика азаматтары және шетелдіктер ұйымдастырушылар бола алады. Осындай хабарландыруларды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер шетелде отырғандары анықталса, олар қалай жауапқа тартылады? Мына заң жобаларыңыз өте әлсіз, механизмдері аз. Осындай жарнамаларға тыйым салу механизмдері байқалмайды. Жезөкшелік притондарының үстінен қарайтын полиция деген позициямды әлі де ұстанып отырмын. Мұндай қылмыс бойынша 2023 жылы бар болғаны 5 полицей жауапқа тартылыпты. Егер мен бұл мәселені зерттеуге кіріссем, сіздердің бұл ақпараттарыңыз жалған болып шығуы мүмкін. Сіз өзіңіз осы цифрға сенесіз бе?» - деп сұрақ қойды Бақытжан Базарбек Ішкі істер министріне.
Депутаттың сауалына жауап берген министр бұл мәселе бойынша арнайы бағдарламаның бар екенін атап өтті.
«Егер осындай әрекет анықталса, оған тосқауыл қойылады. Осындай жарнамалар бойынша 6 мыңнан аса тосқауыл қойдық. Оның 620-сы осы жаңа заң жобасына қатысты. Өзіңіз айтқандай, өкінішке қарай осындай чаттардың әкімшілері, жетекшілері шетелде отырады. Құқықтық көмек көрсету бойынша әлемдік қауымдастықтың мүшесіміз. 47 және одан да көп елдермен әлі де келісімшартқа қол қойып жатырмыз. Егер осындай жағдайларды анықтаған кезде оларға сұраныстар жібереміз. Жалпы бұл жұмыс біздің күнделікті бақылауымызда. Жұмысты әрі қарай да ұйымдастыратын боламыз. Заман бір орында тұрған жоқ, цифрландыру жүйесі жетілген сайын осыған қатысты қылмыстардың тәсілі де өзгеріп келеді. Киберпол дейміз, осындай мәселелермен күресіп жатырмыз. Ал жауапқа тартылған әріптестеріміз туралы сұрағыңызға келсек, өкінішке қарай ондай факттер бар. Бұл мәселемен бізде үлкен департамент айналысады. Мен оларды сатқындар деп ойлаймын. Егер арамызда ондайлар анықталса, біз олармен сөйлеспейміз, бірден жауапқа тартылады. Ал егер қылмысы толық дәлелденбесе, теріс сипатпен жұмыстан шығарылады», - деді Ержан Сәденов.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленді.