Қазақстанда соңғы алты айда 36 қаржы пирамидасы анықталды

73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Sarbaz.kz редакторы
20/03/2024 - 15:31

Фото: Shutterstock

Фото: Shutterstock

Қаржылық мониторинг агенттігі «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобаны іске қосты. Басты мақсат – алаяқтық жобалардың өмірлік циклын және оларға тартылған салымшылар санын қысқарту, деп хабарлайды Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

IT құралдарын пайдалана отырып, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп жатыр.

«Биыл бұғаттауға 600 мың адам аудиторияны қамтыған, мыңға жуық қаржы пирамидасының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілді.

Тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінгі таңда 182 чат бұғатталды. Осылайша, 126 мың азаматтың одан әрі қаржылық шығындарының алды алынды.

73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre). Ал бір пирамида бойынша сот үкімі бар (Eolus-үкім 23.02.2024 ж.шығарылды)», - делінген ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар, оларды толығымен жою үшін Агенттік қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдіктілердің орналасқан жері жайлы ақпаратпен ТМД бойынша әріптестерін хабардар етті.

Ведомство мәліметінше, әріптес елдермен өзара іс-қимыл ТМД елдерінің салықтық (қаржылық) тергеп-тексеру органдарының Үйлестіру кеңесі жанынан ҚМА бастамасы бойынша Арнайы жұмыс тобын құрудың арқасында мүмкін болды.

Айта кетейік, қаржы пирамидасын құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

×

Редакция

$ 522.49  547.88  5.06