Қаралы қаңтар: Самат Әбішке қандай жаза қолданылды?

Ол қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген

Sarbaz.kz редакторы
20/03/2024 - 14:22

Коллаж: Orda.kz

Коллаж: Orda.kz

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш 26 ақпан күні жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «Дат» басылымына сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

«26 ақпанда жабық соттың шешімімен Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды. «Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады», деп хабарлады «Дат-тың» инсайдерлік ақпарат көзі», - деп жазды Ермұрат Бапи.

2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура Самат Әбіштің қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен күдікті деп танылғанын хабарлаған.

Айта кетейік, 2022 жылдың 17 қаңтарында Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылған.

Осыған дейін Самат Әбіш ұсталған ҰҚК экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер екені айтылған. Өткен жылдың шілде айында ҰҚК куәгер ретінде жауап алынғанын хабарлады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік органдары оған қатысты қылмыстық істер тіркелмеген және бұлтартпау шарасы қолданылмаған.

Биыл қаңтар айында Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты іс сотқа жіберілгенін хабарлады. Онда мемлекеттік құпиялар болғандықтан, тергеу деректері жарияланбады.

Тегтер

×

Редакция

$ 479.23  534.96  5.16