2023 жылы Қазақстанда насыбай сатудың 190-ға жуық фактісі тіркелген
Қазақстанда насыбай сатушылар Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тартылады. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының бастығы Руслан Қаржаспековтің айтуынша, заң жобасы Сенатта қаралып жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, қазір насыбай сату бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте жауапкершілік қарастырылған (196-бап – «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау») және 25 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Бұл шамамен 92 300 теңге.
«Қазір Сенатта Денсаулық сақтау министрлігі бастамашылық еткен заң жобасы жатыр, оның шеңберінде насыбай мен вейптерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді және ол әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік ретінде есептелетін болады», - деді Руслан Қаржаспеков агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынса да, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқанын сынаған еді.
Руслан Қаржаспеков мұның себебін шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораториймен түсіндірді. Сондықтан құқық қорғау органдары сату нүктелерін өздігінен тексере алмаған. Дегенмен полиция насыбайдың заңсыз сатылуы туралы азаматтардың өздері хабарлаған жағдайларды қолданған.
Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда насыбай сатудың 190-ға жуық фактісі және қоғамдық орындарда заңсыз пайдаланудың 18 мың жағдайы тіркелген.