Маңғыстау облысынан 600-ден астам адам әскерге аттанады

Оның 250-ге жуығы Қарулы күштер қатарына алынады

Sarbaz.kz редакторы
19/03/2024 - 16:25

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтауда көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. Жүзге жуық ақтаулық әскерге шақырылушы ҰҚК Шекара қызметінің Алматы, Маңғыстау облыстарындағы бөлімшелеріне аттанды. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дәстүр бойынша әскерге шақырылған 22 жас жігітті шығарып салу рәсімі облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің саптық алаңында өтті.

Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Маралбек Сейілов, Ауғанстандағы облыстық соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Байрам Мамедов, облыстық тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Асхат Абдулин, әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.

 – Бүгін сіздер өңіріміздегі ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзетіне қызмет етуге аттанып бара жатырсыздар. Сіздерге мықты денсаулық, әскери қызметте табандылық және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда жетістік тілеймін. Отан қорғау жолындағы қызметтеріңіз сәтті өтсін, – деді Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы подполковник Руслан Балтеміров.

Салтанатты іс-шара барысында жастарға Қарулы күштерден естелік сыйлықтар табысталды. Мемлекеттік құрылымдар мен жұртшылық өкілдері жылы лебіздерін білдіріп,  ақжол тіледі

– Қызметтеріңді абыроймен атқарып, туған үйлеріңе аман-есен оралуларыңа тілектеспін. Біз сендерді мақтан тұтамыз. Отанымыздың нағыз қорғаушысы болатындарыңа сенімдіміз, – деді әскерге шақырылушылардың бірінің анасы Шынар Қиянова.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында Маңғыстау облысынан 18-27 жас аралығындағы 600-ден астам жас жігітті мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отырғанын айта кету керек. Оның 250-ге жуығы Қарулы күштер қатарына, 240-тан астам адам Ұлттық ұланға және 100-ден астам әскерге шақырылушы ҰҚК Шекара қызметіне қызмет етуге аттанбақ.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94