Қазақстанда 37 апатты мектеп және 3 ауысымда оқитын 142 мектеп бар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,3 трлн теңгенің игерілуін мониторингке алды, деп хабарлайды Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұ.Сарқұловтың басшылығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында Антикор басшылығы уәкілетті органдардың өкілдерімен және басқа да мүдделі тұлғалармен бірлесіп, жобаны іске асыру кезінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерін қарады.
«Жайлы мектеп» жобасы ел дамуының басым бағыттарының бірі болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 37 апатты мектеп және 3 ауысымда оқитын 142 мектеп бар. Жобаны іске асыру шеңберінде 2,3 трлн теңгені игеру және 2025 жылға қарай 800 мың оқушы орнын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өз Жолдауында «әрбір қазақстандық оқушының оқуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлар болуы тиіс, «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы дәл осы мақсатқа бағытталған» деп атап өтті.
Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін жұмыстағы маңызды басымдық бүкіл ел бойынша жайлы мектептер құрылысының барысын мониторингтеу және бақылау болады», - делінген Антикор хабарламасында.
Кеңес қорытындысы бойынша, жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ оларды уақтылы және сапалы салу мақсатында жауапты органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру бойынша өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді.