Әкімдік хабарлама таратты
Қаланың нөсерлі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және салдарынан кейбір учаскелерді су басқаны үшін «Elorda eco system» директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылды. Бұл туралы Sarbaz.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Elorda eco system» алдына жер үсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар жүргізу міндеті қойылды: коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту және т.б.
«2023 жылы жер үсті ағын суын бұру үшін 2,5 км магистральдық нөсер кәріз желісін салу жоспарланып отыр. Мәселен осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су тасқыны мәселесі шешілген болатын.
Айта кетейік, кеше Астанада жаңбыр салдарынан кейбір көшелерді су басқан болатын. Салдарын жоюға 100-ден астам техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.