«Анаммен көрісу жоспарымда бар»: Америкалықтар асырап алған қазақ баласы

«Өзімді Джеймсқа қарағанда Диас деп сезінемін» дейді ол

Нұрдәулет Кәкіш
07/08/2023 - 22:26

Америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы Диас ес білген кезінен бастап қазақ мәдениеті мен дәстүрін тануға ұмтылған. Асырап алған ата-анасы шыққан тегін зерттеуге шек қоймаған. Бұл туралы ол KazUnite халықаралық порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Диасты АҚШ азаматтары үш жасында асырап алыпты. Оның америкалық есімі –  Джеймс. Алайда оның өзіне Диас деген ат ұнайды екен. «Өзімді Джеймсқа қарағанда Диас деп сезінемін» дейді ол. Ес білген кезінен қазақ мәдениеті мен дәстүрін білуге ұмтылған баласына америкалық анасы да Қазақстан туралы түрлі материалды көрсетіп, оның шыққан тегін білуіне қарсы болмапты.

Диас есейгенде интернет арқылы Қазақстан, қазақтар туралы ақпаратты, қазақтың мәдениеті мен тарихын өз бетінше оқып, біршама ізденіпті. Қазақстан туралы көбірек білу үшін АҚШ-тағы қазақтармен араласуды мақсат тұтқан. Америкадағы қазақтардың жиынынан қалмауға тырысады екен. Былтыр Наурыз мерекесіне алғаш рет қатысып, онда ұлттық тағамнан дәм татып, қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, қандастарына бір табан жақындай түскен.

Талдықорғанда дүниеге келген Диасты сәби кезінде Алматыдағы үшінші балалар үйіне тапсырыпты. Үш жасында оны америкалық ата-анасы Алматы қаласында дүниеге келген әпкесімен бірге асырап алыпты.

«Ол кезде әпкемнің жасы бесте еді. Екеуміздің биологиялық ата-анамыз әртүрлі. Қазақстандағы анам тарапынан екі бауырым бар. Олар менен екі және төрт жас кіші. Қазір биологиялық анамды танимын. Алайда туған әкемнің кім екенін білмеймін. Ал Америкадағы өмірім туралы айтар болсам, San Francisco State University-де оқимын. Болашақта халықаралық заңгер немесе адам құқығын қорғайтын заңгер болғым келеді. Әжем мұра ретінде маған үйін тастап кетті. Қазір сонда әпкеммен тұрып жатырмын. Үйім ескі болғанмен, өте әдемі», - деді Диас KazUnite порталына берген сұхбатында.

Диас туған анасын табу үшін өзінің туу туралы кітапшасынан анасының аты-жөнін нақтылап, Facebook желісінде іздепті.

«Анамның есімі мен тегі бойынша бірнеше адамды таптым. Биологиялық анамның фотосы болмағандықтан, әлеуметтік желіде есімдері сәйкес келгендердің бәріне хат жазып жібердім. Анам маған жауап берді. Оның берген ақпараты мен туу туралы куәліктегі барлық ақпарат сәйкес келді. Қысқаша айтар болсам, ол мені баласы ретінде қабылдағысы келмеді. Бірақ анамның анасы, яғни нағашы әжеммен араласамын. Әжеммен WhatsApp арқылы хабарласып, хал сұрасып тұрамыз. Ал Қазақстандағы бауырларым менің бар екенімді білмейді», - деді ол.

Сұхбат барысында Қазақстанға келгісі келетінін айтқан Диас ыңғайлы уақытты күтіп жүргенін, өзі дайын болғанда келетінін, биологиялық анасымен қауышуды жоспарлап жүргенін жеткізді.

«Биологиялық анаммен көрісу жоспарымда бар. Әжем мені Қазақстанға, өзі тұратын Қызылорда қаласына шақырды. Елге барып жатсам, әжеммен жолығамын. Қазақстанға бару үшін қандай құжаттар керек екенін, америкалықтардың қазақ елінде қанша уақыт жүре алатыны туралы ақпаратты оқыдым. Тарихи отаныма барып жатсам, бір айдай сонда боламын. Америкалықтарға Қазақстанда отыз күн жүруге рұқсат берілген екен», - деді америкалық қазақ.

Айтуынша, асырап алған америкалық анасымен және ата-әжесімен қарым-қатынасы өте жақсы, ал әкесімен дұрыс тіл табыса алмапты.

«Әкем бала психологиясынан аса хабары жоқ. Ал анам мұғалім болғандықтан, балалармен қалай байланыс орнату керектігін жақсы біледі», - деді Диас.

KazUnite мәліметінше, 1992-2011 жылдар аралығында америкалықтар 6 421 қазақстандық баланы асырап алған. 2012 жылдан бастап мұхит асқан асыранды балалардың саны азайған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91