Полицияның азаматтардың оқиға туралы хабарламаларына ден қою алгоритмі өзгерді
Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тауып, 4,5 мыңнан астамы жараланған. Бұл туралы Sarbaz.kz Қарағанды облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысының прокуратурасы алгоритмді қайта қарап, полиция органдарының азаматтардан оқиға туралы түскен хабарламаларына жауап беруінің жаңа тәртібін ұсынды.
«Бұған дейін хабарлама түскен кезде жедел кезекші негізгі ақпаратты бастапқы жинауды жүзеге асыратын. Енді, ең алдымен, оқиға орнында қарудың бар-жоғы анықталатын болады.
Мысалы, құқық бұзушылық орын алған пәтердің иесінің атына тіркелген қарудың болуы. Мұндай ақпарат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Біріктірілген деректер банкінің «Тіркелген қару» есебіне сәйкес тексеріледі. Нәтижелері туралы кезекші қоңырауды тексеруге шыққан қызметкерлерге хабарлайды.
Бұл полиция қызметкерлеріне қауіпке әрқашан дайын болуға мүмкіндік береді. Себебі, күдіктілердің қару қолдануы азаматтар мен полиция қызметкерлерінің өміріне нақты қауіп төндіреді. Бүгінгі күні «102» жедел нөміріне түскен әрбір қоңырау осы режимде өңделеді.
Нәтижесінде азаматтарды қорғау үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі аспектілері қайта қаралды», - делінген хабарламада.