Корей халық армиясы танк құрамаларының жаттығулары өтті
КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын жаңа ауыр танкті өзі тізгіндеп, Корей халық армиясы танк құрамаларының жаттығуларын өткізді. Бұл туралы бүгін, 14 наурыз күні Кореяның орталық телеграф агенттігі жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі eadaily.com-ға сілтеме жасап.
Ким Чен Ынмен бірге Еңбек партиясы ОК хатшысы, партияның орталық әскери комитеті төрағасының орынбасары Пак Чон Чхон еріп жүрді. Солтүстік Корея көшбасшысын полигонда КХДР Қорғаныс министрі Кан Сун Нам, КХА Бас штабының бастығы Ли Ен Гир, Қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары, КХА Бас штабының танк істері жөніндегі басқарма бастығы және КХА ірі танк құрамаларының командирлері қарсы алды.
Кореяның орталық телеграф агенттігі жазғандай, Ким Чен Ын басқарған жаттығуларға қатысқан танкшілердің жүректері мақтаныш пен батылдыққа, сондай-ақ «жүзге қарсы бір» формуласы бойынша жаумен күресуге дайын екендіктерін көрсетті.
Жаттығуларда Рю Ген Су атындағы 105-гвардиялық Сеул танк дивизиясы (Корея соғысына қатысқан) басым артықшылыққа ие болды.
«Жолдас Ким Чен Ын бүгінгі танк жаттығуларында өзінің таңғажайып жауынгерлік қабілетін алғаш рет көрсеткен жаңа үлгідегі танктің күшті соққы күші мен маневрлігін тамаша көрсеткеніне қанағаттанғанын білдірді. Ол біздің армиямыздың әлемдегі ең қуатты танкке ие екендігімен мақтануға болатынын айтты», - деп хабарлады Кореяның орталық телеграф агенттігі.
Фото: Кореяның орталық телеграф агенттігі
Іс-шара соңында Ким Чен Ын танкшілермен естелік суретке түсті.