Осы әрекеті үшін ол бір жылға сотталды
Орал тұрғыны екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ шетелде өндірілген темекі өнімдерін қомақты сомаға сатқан. Бұл туралы Sarbaz.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Осы факті бойынша тергеуді ҚМА Батыс Қазақстан облысындағы департаменті аяқтады.
Ведомство мәліметінше, заңсыз темекі өнімдерінің жалпы саны 94 млн теңгеден асатын 136 мыңнан астам қорапты құрады.
«Аталған азамат 2023 жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктері мен Германияда өндірілген екі өлшемді цифрлық белгісі жоқ түрлі маркадағы темекі өнімдерін сатып алғаны анықталды.
Бұл ретте ол екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ темекі өнімдерінің айналымына тыйым салатын «Темекі бұйымдарын өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңының және Салық кодексін бұза отырып, аталған өнімдерді Орал қаласындағы әртүрлі сауда орындарында өткізген.
Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті, ал «темекі» заттай айғақтары мемлекет кірісіне айналдырылды», - делінген хабарламада.