Қазақстан Қарабаққа жақын жерде балалар шығармашылық орталығын ашты

Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды

Sarbaz.kz редакторы
12/03/2024 - 20:20

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербажанның Физули жерінде Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Өз кезегінде осындай орталықты сыйға тартқаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.

– Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды, – деді Ильхам Әлиев.

Бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды.

– Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Қарабақ пен Физули арасындағы арақашықтық 115 шақырымды құрайды.

×

Редакция

$ 475.18  510.72  5.47