Олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр
Ақтөбеде бопсалаумен айналысқан студенттер тобы ұсталды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында облыс орталығының аумағында бопсалаумен айналысқан оқу орындарының бірінің студенттерінен құралған қылмыстық топты ұстады.
Күдіктілер күш көрсетіп қорқытып, Ақтөбе қаласында колледж студентінен ірі көлемде ақша бопсалаған. Күдіктілер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақшалай қаражатты алғаннан кейін ұсталды. Адамдар тобы болып жасалған бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Мүндай қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қазіргі уақытта шабуылдаушылардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғын тексеріп жатыр.