Көктемгі әскерге шақырылғандардың алғашқы легі аттанды

Маңғыстау облысынан 250 жас Қарулы күштер қатарына алынды

Sarbaz.kz редакторы
07/03/2024 - 22:28

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Елімізде мерзімді әскери қызметке шақырылған жастарды шығарып салуға арналған салтанатты іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинау пунктінде әскерге шақырылушылардың алғашқы легі бөлімдерге жөнелтілді. Дәстүр бойынша салтанатты іс-шара Құрлық әскерлері әскери институты оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. 

 – Әскерде қызмет ету ер жігіттің мінезін қалыптастырады. Бұл әр адамның өміріндегі қажетті кезең. Отанға қызмет етуді ер азаматтың қасиетті борышы деп санаймын, – дейді үлкен немересі Мәди Нүсіповті әскерге шығарып салуға келген «Алтын алқа» иегері Абзихан Батырханова.  

Биылғы көктемде Алматыдан ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға мыңнан астам азаматты шақыру жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысынан көктемгі шақыру барысында 250 жас Қарулы күштер қатарына, 240-тан астам азамат Ұлттық ұланға, 100-ге жуық жас ҰҚК Шекара қызметіне және 10 бозбала Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберілмек.

– Бірінші кезекте Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Содан соң Қарулы күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне шақыру жүргізіледі, – деп атап өтті Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары майор Еркін Алпанов. – 6 наурызда алғашқы лектің қатарындағы 24 жасты Алматы облысының Қарасай ауданына қызмет етуге шығарып салдық.

Атырауда өткен іс-шарада әскери-техникалық мектептің курсанттары патриоттық әндерді орындап, әскерге шақырылғандардың жауынгерлік рухын көтерді. Әскерге шақырылушыларға Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Эльдар Шынғалиев, Қарулы күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер мен ата-аналар ақжол тіледі.

– Ер адамның өмірі әскерге дейінгі және әскерден кейінгі екі кезеңнен тұрады. Әскер қатарында сендер қару-жарақпен жұмыс істеу дағдыларын игеріп, әскери техника жүргізуді меңгересіңдер. Жақсы достар тауып, олармен ұзақ уақыт қарым-қатынаста болатындарыңа сенімдімін, – деп атап өтті Қарулы күштердің ардагері запастағы полковник Сағидолла Рысқалиев.

Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде де 14 бозбаланы мерзімді қызметке шығарып салды. Олар ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысындағы әскери бөлімінде қызмет ететін болады. Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде 1040 ақтөбелік әскер қатарына қосылмақ.

Салтанатты жағдайда өткен іс-шараларда әндер шырқалып, әскерге шақырылушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Олардың бәріне Қарулы күштердің ардагерлері, шақырылушылардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.

×

Редакция

$ 524.65  552.19  5.14