Қарағанды облысының прокуратурасы облыстағы балық айналымының саласына талдау жасады
Қарағанды облысында 15 тоннадан астам балық заңсыз ауланғаны анықталды. Бұл туралы Sarbaz.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, ішінара тексерістердің негізінде (ветеринариялық станциялардың рұқсаттары және аулаудың шығу тегі туралы анықтамалар бойынша) балық тасымалдау көлемінің 15 тоннаға асып кетуі анықталды.
«Облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы кәсіпорындардың біріне 19,4 тонна балық аулауға рұқсат берген. Алайда, аумақтық Ветеринария басқармасы бұл кәсіпорынға 31 тонна балыққа анықтама беру жолымен балық тасымалдау көлемін 11,6 тоннаға арттырған.
Тағы бір компания 560 кг балық аулауға рұқсат алған, ал ветеринарлық анықтама 1,5 тоннаға берілген.
Мұндай жағдайлар жануарлар әлеміне айтарлықтай зиян келтіріп, балық ресурстарының азаюына алып келеді.
Қадағалау актісі бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Конституцияның 38-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары табиғи ресурстарды сақтауға және оларға ұқыпты қарауға міндетті.