Шымкентте жалған доллар өткізбек болғандар қолға түсті

Олар 84 200 АҚШ долларын айырбастамақ болған

Sarbaz.kz редакторы
06/03/2024 - 14:42

Фото: Видеодан скриншот

Фото: Видеодан скриншот

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті жалған шетел валютасын өткізбек болған жалған ақша жасаушыларды қолға түсірді. Бұл туралы Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 84 200 АҚШ доллары мөлшерінде жалған ақшаны өткізу кезінде бір топ адам анықталды.

«Күдікті екі адам ұсталды және оларға қатысты соттың санкциясымен 2 ай мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Бұған дейін, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК Қырғызстан мен Қазақстан аумағында номиналы 100 АҚШ доллары болатын жалған банкноттарды өткізген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтап, жолын кескені хабарланған болатын.

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ҰҚК жалған долларларды өткізу күдігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматын ұстады, ол өз кезегінде Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тергеліп жатқан қылмыстық істің мән-жайларына қатысы бар», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда осы топқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қолма-қол ақшамен операциялар мен есеп айырысулар кезінде сақ болуға шақырады.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85