Жыл басынан бері прокурорлар 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатты
Бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау мемлекеттік сатып алу заңнамасының өрескел бұзылуын анықтады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі СҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Тимирязев ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұза отыра объекті бойынша жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес келмейтін конкурстық құжаттама бойынша сомасы 1,1 млрд теңге қазандық құрылысына мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
Нәтижесінде бұл жағдайлар басқа әлеуетті жеткізушілердің құқықтарын шектеуге әкелді.
«Тағы бір жағдайда Қызылжар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері заң талаптарына қайшы, мүгедектердің және жүріп-тұруы шектеулі адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларынсыз, 319,3 млн теңге сомасына Якорь ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, нәтижесінде 3,3 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді.