Тазарту жұмыстарының жалпы көлемі 30 шақырымнан асты
Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері ТЖ қызметіне көмектесті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
99250 әскери бөлімінің 120-дан аса әскери қызметшісі полковник Расул Зәкіровтың басшылығымен көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына атсалысты.
«Аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттерінің бірі – төтенше жағдайдың алдын алып, оны жоюға қатысу. Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімшелермен, облыс, қала және Дерқұл ауданы әкімдіктерінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесіп әскери қызметшілер кірме жолдарды, арықтар мен су ағарларды тазартумен айналысты.
Тазарту жұмыстарының жалпы көлемі 30 шақырымнан асты. Бес мыңдай қап құм дайындалды. Алдын алу шаралары адамдардың өміріне төнген қауіпті және ұлттық экономика мен жекеменшікке материалдық залалды болдырмауға бағытталды», - делінген хабарламада.