Десантшы қыздар парашюттен секіру челленджін бастады

Десантшылар погон таққан қыздарды осы бастаманы қолдауға шақырды

Нұрдәулет Кәкіш
28/02/2024 - 23:22

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қарулы күштердің Қонаев гарнизонындағы десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері парашютпен жоспарлы секіруді орындады. Олардың ішінде халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Мен мамандығымды жақсы көремін» челленджін бастаған 13 санитарлық нұсқаушы қыз бар, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қыздардың бәрі 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасында бір жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Олардың біразы кемінде үш рет парашютпен секірген. Нәзік жандылардың көбі десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің санитарлық нұсқаушылары лауазымдарында қызмет етеді. Парашютпен секіру олар үшін қауіпті емес, жауынгерлік дайындық элементтерінің бірі болып саналады.

Ал ефрейтор Айнұр Махантаева әуеден парашютпен секіруге алғаш рет қадам басып отыр. Ол секіруге ұзақ дайындалғанын айтады. Бастапқыда қорқынышты болғанмен, достары мен әріптестері оны жерде де, тікұшақта да қолдап отырған. 

«Екі ай бойы секіруге дайындалдым, Д-6 4 сериялы парашют жүйесінің барлық тактикалық-техникалық сипаттамалары мен құрамдас бөліктерін, дұрыс оралуын мұқият үйрендім. Әуе-десанттық кешенінде секірудің жердегі элементтері, соның ішінде штаттан тыс жағдайларды да пысықтадым», - деді Айнұр.

Бригада командирінің әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары, подполковник Абдурахим Юлдашевтің айтуынша, әсіресе қыздар мүмкіндігінше жиі секіруді қалайды. Себебі оларды Десанттық-шабуылдау әскерлеріндегі қызметі ынталандыратын көрінеді.

Десантшылар «Мен мамандығымды жақсы көремін» челленджін бастап, погон киген қыздарды осы бастаманы қолдауға шақырады.

Осы күні 35-десанттық-шабуылдау бригадасынан 160-тан аса әскери қызметші парашютпен секірді, оның 96-сы – әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар.

×

Редакция

$ 498.55  524.28  4.75