Украинаға көмек көрсету бағдарламасына 40 парламентарий қарсы болды
Еуропарламент Украинаға жалпы сомасы 50 миллиард еуро болатын жаңа экономикалық көмекті мақұлдады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропарламент депутаттары төрт жылдық көмек пакетін басым көпшілік дауыспен мақұлдады. Киев бірінші төлемді наурыз айында алуы мүмкін екені хабарланды. 50 миллиард еуро ішінара ЕО-ның ұлғайтылған бюджетінен және ішінара несие түрінде бөлінеді.
Еуроодақтың 536 парламентарийі Украинаға көмек көрсету бағдарламасын қолдап, 40-ы қарсы, 39-ы қалыс қалды. Пікірталас барысында Еуропарламент мүшелері АҚШ-тың Украинаға жаңа көмек көрсетуіне әлі Конгресс рұқсатын алмағанын атап өтті.
Еуропарламент Еуроодақтың кеңейтілген бюджетінің басқа бөліктерін де мақұлдады. Мысалы, сыртқы шекараларды қорғауға қосымша қаражат бөлінді.