Республикалық жедел-құтқару жасағы 30 жылда 6 мыңға жуық адамды құтқарды

Жасақ Алматы қаласында орналасқан және тәулік бойы кезекшілік режимінде

Sarbaz.kz редакторы
28/02/2024 - 17:45

Бүгін Қазақстан Республикасы ТЖМ Республикалық жедел – құтқару жасағы 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Бүгінге дейін құтқарушылар 5787 адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1994 жылғы 28 ақпанда ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен республикалық жедел-құтқару жасағының бірінші мемлекеттік құтқару бөлімшесі құрылды.

Осы жылдар ішінде жасақ қызметінің арқасында 7323 жедел шығу жасалды, 5787 адам құтқарылды.

«Жасақтың негізгі мақсаты жету қиын аудандарда, күрделілігі жоғары объектілерде құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, дүлей зілзалалар, авариялар мен апаттар салдарынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету, жасақтың бөлімшелерінің республика аумағында және одан тыс жерлерде құтқару жұмыстарын шұғыл жүргізуге тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып саналады.

Жасақ Алматы қаласында орналасқан және тәулік бойы кезекшілік режимінде. 2012 жылдан бастап Республикалық жедел-құтқару жасағының  басшылығында халықаралық дәрежедегі құтқарушы, 1-2 топтағы I санатты сүңгуір, сүңгуірлерді даярлау жөніндегі нұсқаушы Владимир Цой тұр.

Мамандардың білімі жер сілкінісі, су тасқыны, техногендік апаттар кезінде іздестіру-құтқару және авариялық жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Жасақ әрқашан кез келген төтенше жағдайға, әлемнің кез келген нүктесіне шығуға дайын», - делінген хабарламада.

Жасақтың негізгі бөлімдері: құтқару, сүңгуірлік, кинологиялық, медициналық-психологиялық, кезекші-диспетчерлік, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі. Жасақта кең бейінді мамандар, құтқарушы-сүңгуірлер, кинологтар, шағын көлемді кемелердің жүргізушілері, халықаралық деңгейдегі құтқарушылар жұмыс істейді. Барлық құтқарушылар-спортшылар, олардың көпшілігі спорт шебері мен спорт шеберіне үміткерлер, көпшілігінде альпинистердің төсбелгілері бар.  

«Жасақтың есебінде – ірі халықаралық, қалалық және өңірлік төтенше жағдайлардың салдарын жою: 5000 м-ден астам биіктіктегі тауларда іздеу-құтқару жұмыстары (Хан Тәңірі шыңы), 2015 жылы Алматы қаласында салынып жатқан көпірдің құлауы бойынша авариялық-құтқару жұмыстары, 2013 және 2019 жылдары ұшақтардың құлау салдарын жою, 2021 жылы – Шарында сел ағыны өткеннен кейін баланы құтқару, 2019 жылы Тараз қаласындағы тұрғын үйдегі газ жарылысының салдарын жою, Наурызбай ауданындағы сел тасқынының салдарын жою. Алматы, Шығыс Қазақстан облысындағы су басу аймағынан эвакуациялау, Қырғызстан тауларындағы Скрябин мұздығында құтқару операциясына қатысу, 2023 жылы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейінгі зардаптарды жою. Сол жылы – Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейінгі зардаптарды жою, қар құрсауынан кейін Жамбыл облысындағы ТЖ аймағынан халықты эвакуациялау бар.

Жасақтың құтқарушылары көбінесе шетелдік азаматтарды тауларда құтқарды. Тек 2023 жылы 6 шетелдік құтқарылды, олардың арасында Польша, Ресей және Корея азаматтары болды», - деп жазады ҚР ТЖМ.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91