Былтыр арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасы анықталды
Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ӨКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша саясатты қайта қарау жөніндегі жол картасын іске асыруда. Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады. 2024 жылдың қаңтар айының өзінде осындай 325 отбасы анықталып отыр. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделік мемлекеттік органдарға полиция тарапынан ақпарат жіберілді», - деді Шыңғыс Алекешев.
Сонымен қатар ол Алматы қаласында полиция қолайсыз жағдайға душар болған отбасыларды тексеру кезінде жағдайы өте нашар отбасыны анықтағанын атап өтті.
«Тексеру барысында үй іші антисанитария екені, балаларының аш екені, әкелері қатты масаң күйде болғаны анықталды. Сол кезде оның спирттік ішімдікті бірге ішетін досы да болған. Бұл жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, кәмелетке толмаған балаларды қолдау орталығына, ал ер адам наркологиялық емдеу орталығына орналастырылды», - деді ІІМ ресми өкілі.