Министрліктің ресми өкілінің айтуынша, тек полицияның күшімен тұрмыстық мәселесін шешу мүмкін емес
Қазақстанда өткен жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты 100 мыңға жуық хабарлама түскен. Осыған байланысты отбасындағы агрессияны болдырмау үшін азаматтарға психокоррекциялық курстардан өту ұсынылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ӨКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап отбасылық-тұрмыстық негіздегі қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату саясатын сатылы түрде жүргізіп келеді. Мысалы, өткен жылы Президенттің бастамасымен қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Былтыр 1 шілдеден бастап полиция қылмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуді арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады. Соңғы құқықтық бағаны, әрине, сот береді.
Егер бұрын жыл сайын құқықбұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түскен болса, оның 70 пайызына жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазуынан бас тартуына байланысты шара қолдана алмай отырды. Арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен кейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды деп айтуға болады», - деді ІІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша, өткен жылы жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен болса, оның 79 мыңнан аса құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мыңға жуық азамат қылмыстық іс қозғалған. 130 мыңнан аса профилактикалық әңгіме жүргізілген.
«Сонымен қатар полиция әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалайды. Өткен жылдың тамыз айынан бастап 18,5 мыңнан аса отбасы арнайы сауалнамадан өтті. 884 отбасында құқықбұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары екені анықталды. Құқықбұзушыларға агрессияны болдырмау үшін өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылып жатыр.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқықбұзушының мінез-құлқына, оның ішінде алкогольді ішуге тыйым салу, соған байланысты 15 мыңнан аса ерекше талап қойды. Тәртіп сақшылары мұндай азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды.
Мысалға алатын болсақ, Павлодар облысында учаскелік полиция қызметкері қорғау нұсқамасын тексеру барысында масаң күйдегі азаматтың анасымен жанжалдасқаны анықталды. Ер адам 20 тәулікке қамауға алынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қоғамда құқықбұзушылықтарға мүлде төзбеу қағидатын қалыптастырады. Алайда тек полицияның күшімен тұрмыстық мәселесін шешу, әрине, мүмкін емес. Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері әдеттегідей маскүнемдік, нашақорлық, лудомания, адамгершілік құқықтарының төмендеуі және басқа да қиындықтар», - деді Шыңғыс Алекешев.