Есірткі сататын жерлерді іздеу үшін браузерлерді еркін пайдаланған
Қарағанды облысының прокурорлары мектептерде келеңсіз интернет сайттарға еркін кіруге тосқауыл қойды. Бұл туралы Sarbaz.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысының прокуратурасы тексеру барысында білім алушылардың деструктивті ақпаратқа ашық қол жеткізу фактілерін анықтады.
«Оқушылар барлық сайттарға қол жеткізе отырып, әртүрлі сипаттағы ақпарат ала алады. Мысалы, Шахтинск қаласының оқушылары порнографиялық сипаттағы ақпарат пен есірткі сататын жерлерді іздеу үшін браузерлерді еркін пайдаланған.
Балқаш қаласында балалар «ЧВК Редан» мүшесі болу үшін тестіден өткен, бұл ұйым агрессивті жастар тобы болып саналады және қоғамға қауіп төндіреді.
Бұзушылықтар облыстың барлық мектебінде анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, кінәлі адамдар жауапқа тартылды, білім алушылардың теріс сайттарға кіруін шектеу жұмыстары жүргізілді», - делінген хабарламада.