Депутат мүгедектігі бар адамдарды құтқару және эвакуациялау мәселесі бар екенін атап өтті
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Сенатордың пікірінше, төтенше жағдай кезінде, мәселен Covid пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, Алматыда жер сілкінген уақытта бұл әлеуметтік тобы ақпараттан мүлдем тыс қалды. Яғни, олардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнгені анық.
«Төтенше жағдай қызметтері мүгедектігі бар адамдарға қатысты тиісті ұйымдарда соңғы рет 10 жыл бұрын оқу-жаттығу ұйымдастырған», - деді ол.
Депутат мүгедектігі бар адамдарды құтқару және эвакуациялау мәселесі бар екенін атап өтті. Зерттеу мәліметіне қарағанда, әкімдіктерде осы азаматтарды табудың тиісті картасы жоқ, ал құтқарушылар мүгедек адамдарды эвакуациялау барысында олармен байланысқа шығу іс-қимылын білмейді.
«Осы мәселе бойынша өз ойымды ортаға сала отырып, назар аударатын проблемаларды атап өтпекпін. Мүгедек адамдар тіркелген ұйымдардан сарапшыларды қатыстырып, халықты оқыту, эвакуациялау, орналастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жоспар әзірлеу керек. Мүгедектігі бар адамдардың ерекше сұранысына сәйкес келетін баспаналарды жобалау және жарақтандыру қажет. Заманауи әдістер мен технологияны пайдалана отырып, әртүрлі науқасы бар адамдарға арналған ақпарат беру және оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу керек. Төтенше жағдай кезінде оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін осы азаматтардың бірыңғай дерек қорын құру керек», - деді Ләззат Қалтаева.