Баланың қайда екені белгісіз
Қарағанды облысында 2011 жылы туған баланың қазір қайда екені белгісіз. Облыстық прокуратура істі тексеріп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Мектеп жасындағы бала «Отбасының цифрлық картасында» мектепке бармайтын ретінде тіркелгені анықталды.
«Тексеріс көрсеткендей, құжаттар бойынша бала 2011 жылы Қарағанды қаласының облыстық перинаталдық орталығында жаңа туған нәресте кезінде қалдырылып, кейін Осакаров ауданындағы «Пионерский» балалар үйіне тапсырылған.
Прокуратура бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, баланың іс жүзінде жоғалып кеткенін және оның қайда екені белгісіз екенін анықтады.
Осакаров ауданы прокурорының нұсқауы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы – кәмелетке толмағандарды саудалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.