Игорь Лепеханың айтуынша, бұған дейін ювеналды полицияда жұмыс істеген жас қыздар мектептердің қауіпсіздігіне әсер ете алған жоқ
Мектептерде ювеналды полиция қызметін қайта жандандыру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Мәжіліс отырысында ҚР Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі
«Мектептерде ювеналды полиция жақсы қызмет атқарған болатын. Бірақ қазіргі таңда ювеналды полицейлер қалаларда ғана, соның ішінде ірі мектептерде ғана қызмет атқарады. Ал аудандар мен елдімекендердің мектептерінде ол жоқ. Ішкі істер министрлігі мектептерді учаскелік полиция инспекторларының бақылайтынын айтады. Алайда олардың жұмыс жүктемесі көп болғандықтан, мектептерге барып үлгере бермейді. Сондықтан мектептерде ювеналды полицияның жұмысын қайта жаңғырту керек», - деді депутат.
Депутаттың сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха бұлай істеу мүмкін емес екенін айтты.
«Қазіргі таңда кәмелетке толмаған жасөспірімдер инспекторы болып 3 мыңнан аса қызметкер бар. Біз ешқашан барлық мектепті қамтамасыз ете алмадық. Негізінен ірі мектептердің тәртібін бақыладық. Бір кездері мектептерде қылмыс белең алған кезде тіпті патрульдік полиция тобы да жұмылдырылды. Қазіргі талдау нәтижелері көрсеткендей, мектептерде соңғы кездері қылмыс жасалмайды. Болса да, өте аз. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі уақытта барлық мектепте терроризмге қарсы іс-шаралар ұйымдастырылған. Барлық білім мекемесінде камера, ішкі істер қызметкерлерін тікелей шақыртуға арналған дабыл түймесі орнатылған. Бүгінде ірі мектептерде қауіпсіздікті бақылау талабы бар. Жалпы, осы талап қайта қарастырылуда. Онда мектептерде күзет ұйымдарының қызметкерлерінің болуы қарастырылып жатыр. Кем дегенде дабыл түймесі арқылы күзет тобы жедел жетуі тиіс», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, әр мектепте ювеналды полицейді қою – үлкен шығын.
«Бұған дейін ювеналды полицияда негізінен педагогикалық және заңгерлік білімі бар жас қыздар жұмыс істеді. Олардың білім мекемелерінің қауіпсіздігіне аса әсер ете қоюы екіталай деп ойлаймын. Оның үстіне, кейінгі уақытта олардың қызметі тәрбие ісі меңгерушілерінің көмекшілеріне ұқсап кетті. Сондықтан бұл жұмыстың реті өзгерді. Қазіргі уақытта елімізде 7 500 мектеп бар. Уақыт өте келе, олардың қатары көбейіп келеді. Біз әр мектепке бір-бір адамнан қоя алмаймыз. Бүгінде ел бойынша патрульдік полицейлер саны – бар болғаны 12 мың. Сондықтан норманы сақтай отырып, ювеналды полицияның территориялдық бөлімшелерін құрдық. Олардың әрқайсысының құзырына 2-3 мектептен кіреді. Бұдан бөлек учаскелік инспекторлар жұмылдырылады. Әзірге осындай режимде жұмыс істеп жатырмыз. Осылай істеуге мәжбүрміз. 7 500 мектепке бір-бір инспектордан қою – үлкен шығын. Одан да үй-үйге барып, отбасылармен тікелей жұмыс істеген тиімдірек. Түнгі уақытта жасөспірімдердің көңіл көтеретін орындарға баруын қадағалаумен территориялық бөлімшелер айналысады. Сондықтан біз территориялық бөлімшелерді құруды жөн деп шештік», - деді Игорь Лепеха.