Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Түркістан облысында полиция ағайынды жігіттерден 65 келіден астам марихуана тәркіледі. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз тасымалдаған күдікті 2 жігітті ұстады.
Полиция жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент-Жетісай тасжолында Toyota автокөлігін тоқтатты. Көліктегі екі жігіттің Жамбыл облысының ағайынды тұрғындары екені анықталды.
Автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде жедел уәкілдер жалпы салмағы 65 келіден астам ішінде марихуана есірткісі бар 4 қап тауып алды.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Аталған жайт «Тосқауыл» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.