«Дайындық қағаз жүзінде ғана»: Үкімет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды сынға алды

Оның айтуынша 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр

Sarbaz.kz редакторы
20/02/2024 - 17:58

Фото: Primeminister.kz

Фото: Primeminister.kz

ҚР Үкіметінің отырысында ағымдағы су тасқыны жағдайы, сондай-ақ көктемгі маусымға және болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық шаралары талқыланды. Премьер-Министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін, алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде орындамағанын атап өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді.

Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», — деген Олжас Бектенов, оқу-жаттығу өткізу форматын қайта қарауды тапсырды.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41