49 тінту барысында ату қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақшалай қаражат және есірткілер алынды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-мен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырған операция шеңберінде Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында 8 топты бейтараптандырды. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше олардың ортасында деструктивті діни ағым жақтастары бар 23 адам ұсталды. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 6 қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
«Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде терроризмді насихаттау, адамдарды ұрлау, қорқытып алу, сондай-ақ есірткі заттары мен ату қаруының заңсыз айналымына қатысы бар деп күдіктелуде.
Жасалған құқыққа қарсы әрекеттерін бірқатар жағдайларда теріс бұрмаланған діни қағидалармен ақтап жүрген. 49 тінту барысында ату қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақшалай қаражат және есірткілер алынды. Операцияны өткізуге республиканың 8 өңірінде бір мезгілде 250 күштік құрылым қызметкері жұмылдырылды.
Тергеп-тексеру іс-шаралары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ҚР ҰҚК хабарламасында.