Фермада екі табын жылқы және 18 сиыр бар
Ұлытау облысында бір отбасынан шыққан үш бала бірнеше жылдан бері құлдықта өмір сүріп келген. Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Динара Закиеваның айтуынша, ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала – 1 қыз және 2 ұл анықталды. Патронаттық отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы, балалар 14, 12 және 8 жаста болғанда алған. Балалардың үлкендерін қаладан 20 км қашықтықтағы өз фермаларында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы және 18 сиыр бар.
«Фермаға барып, комиссия мүшелері балалардың өмір сүру жағдайларын көріп, шошиды. Денелері көгерген, әрі тыртыққа толы, жүп-жүдеу, шаршаған, аш, көздерінде жалын жоқ, кір-қожалақ, киімдері жыртық. Қамқоршы балаларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсап, 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген.
Балалардың үлкені – қыз, колледжді бітірген, алайда іс жүзінде сабаққа бармаған. Ортаншы ұл бала колледжде «оқиды». Органдар оқу орындарын тексерсе, оларға үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынылып отырған екен.
Қамқоршы қыз баланы жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан. Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма деп сұрастырған екен», - деп жазады Динара Закиева.
Оның айтуынша, қылмыстық іс тіркелді, сараптамалар жүргізілуде. Қазір балалар бірге қауіпсіз жерде. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасау, көмек көрсетуді, балардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауға алды.