Қазақстан мен Ауғанстан өзара сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

Астанаға Ауғанстанның өкілдері келді

Sarbaz.kz редакторы
03/08/2023 - 17:21

Фото: ҚР Үкіметі

Фото: ҚР Үкіметі

2023 жылғы 2 тамызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Алхадж Нұриддин Азизи ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Бұл туралы Sarbaz.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Серік Жұманғарин сәуір айында Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін $1 млрд-тан  $3 млрд-қа дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар қолданыстағы сауда жолдарын дамыту, Ауғанстан және оның аумағы арқылы тауарларды жеткізудің баламалы бағыттарын құру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, бүгінде Өзбекстан территориясы бойынша Галаба станциясы арқылы Ауғанстанға астық пен ұн тасымалдау кезінде теміржол тарифіне 20% жеңілдік қолданылады. Бұл ретте, қолданыстағы жеңілдікті ескере отырып, қазақстандық астық жүктерін Өзбекстан аумағы бойынша Ауғанстан мен Тәжікстан бағытында тасымалдауға арналған тарифтер айтарлықтай жоғары болып табылады.

«Ауғанстанға тауарларымыздың экспортын ұлғайту үшін біз Түркіменстан аумағы арқылы баламалы және неғұрлым тиімді бағытты пысықтап жатырмыз. Біздің теміржол компаниямыз Тургундидің түрікмен-ауған өткелі арқылы Түркіменстан аумағы бойынша транзиттік тарифке қолда бар 30%-ға 10% мөлшерінде қосымша жеңілдіктер беру мәселесін пысықтады», — деп жалғастырды Серік Жұманғарин.

Қазіргі уақытта Трансауған бағытында жүктерді тасымалдау режимі жеңілдетілді. Алайда осы бағытты пайдаланудың проблемалық аспектілерінің бірі – сусымалы жүктерді тасымалдаудың жоғары құны. Осы бағыт бойынша жеткізілім көлемін ұлғайтудың өзара пайдасын ескере отырып, кездесуде қазақстандық тарап ауған тарапынан қазақстандық сусымалы жүктерге тарифтерді $200 дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрады.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру бағытында да ынтымақтасады. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ауғанстанның 130 студенті білім алуда. Жыл сайын оқуға 30 адам қабылданады. Серік Жұманғарин қызығушылық танытқан жағдайда Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91