Ертіс өзенінде әскери бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы пысықталды

Әскерилердің шеберлігін шыңдау үшін тактикалық іс-қимылдарды пысықтау үнемі өткізіліп тұрады

Нұрдәулет Кәкіш
03/08/2023 - 15:13

Абай гарнизоны әскери бөлімінде жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес, амфибиялық бөлімшелердің су даярлығы бойынша оқу-жаттығулары басталды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаттығудың басты мақсаты – бөлімдегі амфибиялық бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік деңгейін қадағалап, әскери барлаушылардың біліктіліктерін арттыру.

«Бұл жаттығулар – қалалық жерде тосыннан болатын қылмыстық топтың әрекеттері кезінде жасалынатын іс-қимылдар. Шартты түрде іздеу жарияланған қылмыскерлер халық көп шоғырланбаған жерлерге жасырынады. Соның бірі – өзен жағалаулары мен аралдар. Мұндай жағдайда амфибиялық жасақтың рөлі айрықша. Өзен ортасындағы аралға жедел қимылдап және назарға түспей жету қажет. Біз қазір осындай оқу-жаттығуды пысықтаудамыз. Әрине, Ертіс өзенінің ағыны қатты. Сондықтан жеке құрам белгіленген нүктеге қиғашынан жүзуде», - деді арнайы мақсаттағы амфибиялық барлау ротасының екінші топ командирі, аға лейтенант Елнұр Алмабек. 

Тактикалық жаттығуларда барлау бөлімі қару-жарақты Ертістің келесі бетіне тасымалдауды және суда жасырыну тәсілдерін орындады. Өзенге шомылуға келген қала тұрғындары барлаушылардың қайықтан суға секірген трюктеріне алыстан қарап, таңқалысты.

Кенеттен болатын қылмыстық топқа қарсы жасалатын іс-әрекеттерді пысықтаған жеке құрам суға тұншыққан жанға көрсетілетін алғашқы медициналық көмекке де арнайы тоқталып өтті.

Бөлім командирінің айтуынша, әскерилердің шеберлігін шыңдау үшін тактикалық іс-қимылдарды пысықтау алдағы уақытта да үнемі өткізіліп тұрады.

Тегтер

×

Редакция

$ 478.93  534.96  5.16