Израиль ХАМАС-тың іздеуде жүрген мүшелері ұсталғанын хабарлады

Рафах қаласына жасалған шабуылдан кем дегенде 100 адам қаза тауып, 230-дан астамы жараланған

Sarbaz.kz редакторы
16/02/2024 - 20:14

Фото: Yousef Mohammed/Global Look Press

Фото: Yousef Mohammed/Global Look Press

Израиль билігі Газа секторының Хан-Юнис қаласында орналасқан Насер ауруханасына рейд жүргізгенін, нәтижесінде ел әскері (ЦАХАЛ) ХАМАС-тың іздеуде жүрген мүшелерін тапқанын мәлімдеді. ЦАХАЛ өкілі Даниел Хагари 2023 жылдың 7 қазаны күні ХАМАС тобында шабуылға қатысқан үш қызметкердің есімін жариялаған. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ЦАХАЛ аталмыш ауруханаға жасалған рейдте көздеген мақсат орындалғанын, дәрігерлерге, науқастарға және қарапайым халыққа зиян келмегенін хабарлады. Израиль барлау қызметі ХАМАС мүшелері аурухананы өз операцияларын жасыру және ондағы израильдіктерді кепілде ұстау үшін пайдаланғанын мәлімдеді. Кепілге алынғандардың бірі ол жерде жиырмадан астам тұтқынды көргенін айтты.

Газа секторында жұмыс істеп тұрған ең ірі медициналық мекеме – Насер ауруханасын ЦАХАЛ бірнеше күн бойы қоршауда ұстады. Аурухана қызметкерлері ЦАХАЛ әрекетінен азық-түлік пен дәрі-дәрмек ағыны тоқтағанын, жараланған палестиналықтар уақытылы ем ала алмай отырғанын мәлімдеді.

Хан-Юнис соңғы уақытта Израиль әскері шабуылдайтын негізгі орындардың бірі болып отыр.

Айта кетейік, Израильдің әуе күштері Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына соққылар жасап, салдарынан анклавтың кем дегенде 100 тұрғыны қаза тауып, 230-дан астамы жараланған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91