«Қауіп төнсе, қашып кететін»: ардагер Ауғанстан әскері туралы айтты

Ардагердің айтуынша ауғанстандық сарбаздар соғысқысы барғысы келмейтін, әскерге күштеп аттандыратын

Sarbaz.kz редакторы
16/02/2024 - 18:08

Ауған соғысындағы 2-ші мұсылман батальонының ардагері, полковник Амангелді Жантасов Sarbaz.kz тілшісіне берген сұхбатында Ауғанстан әскері жайлы ой қозғады.

Ардагердің айтуынша, Ауғанстан армиясының моральдық даярлығы өте төмен болатын. Олар шайқасқа барудан жүрексінетін. Офицерлерден басқасының бәрі азғантай қауіп төнсе, қашып кететін, деп еске алды кейіпкеріміз.

«Ол жерде шынымен де билікті қолдап, моджахедтерді жау санап, соғысқан адамдар болды», - деп Жантасов ойын жеткізді.

Полковник қызмет барысында жауынгерлердің дайындық деңгейіне қатысты бір оқиғаны еске түсірді. Бір күні оның ротасына ауған әскерінің ротасымен бірге Базарақ ауылын бақылауға алу туралы бұйрық беріледі.

«Ауған әскері бізбен бірге еріп жүрді. Біз олардың тәжірибесінің аздығын байқадық. Содан таң атқан кезде демалмақ болып, ұйқыға бас қойдық. Жатар алдын күзет қойдық. Көп ұзамай, «Командант! Командант!» (ауғандар командирін солай деп атайтын) деген шу мен айқайдан ояндым. Көзімді ашсам, олар төмен жақты нұсқап тұр. Нұсқаған жаққа көз жүгіртсем, «Градтан» оқ жарқылдап ұшып жатыр. Осылай бізге оқ жаудырып жатыр. Дереу рацияны ала салып, дивизия штабына бізге оқ жаудырып жатқанын хабарладым. Шабуыл тоқтаған кезде бізбен бірге жүрген ауған әскеріне қарасам, естерінен танып қалайын деп тұр. Қорыққандары сондай, бізбен бірге жүруден бас тартып, сол орында қалды. Ал біз жауынгерлік тапсырманы орындау үшін ары қарай өзіміз тарттық. Оларды райынан қайтара алмадық. Ал бізге олармен сөз таластырып, жанжалдасуға тыйым салынған. Қаласа барады, қаламаса бармайды. Ерік өздерінде», – деп еске алды Жантасов.

Ардагердің айтуынша ауғанстандық сарбаздар соғысқысы барғысы келмейтін, әскерге күштеп аттандыратын.

Полковник қызмет барысында ауған әскерін мобилизациялаудың куәсі болғанын айтты. Ротаға бір ауылды қоршау міндеті жүктеліпті. Қоршаудан кейін ротаға Ауғанстан армиясының төрт жүк көлігі кірді.

«Дүрбімен бақылап отырмыз. Ол жақтағы ер адамның бәрін бір жерге жинады. Іріктеу жасап, мүгедектер мен қарттарды қалдырып, қалғанын көлікке отырғызып, Мүймене қаласындағы аэродромға қарауылға алып кетті. Сол жерде АН-26 ұшағына отырғызып, алыс провинцияға алып кетті. Ал ол жақтан үйіне жаяу қайту мүмкін емес. Олар осылайша әскер жинады», - деді полковник.

Данияр Ищанов

×

Редакция

$ 524.65  552.19  5.14