«Түтінге қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істемеген»: Алматыда көпқабатты үйдегі өрт туралы

Оқиға салдарынан 1 адам көз жұмды, 43-і зардап шекті

Sarbaz.kz редакторы
02/08/2023 - 21:45

Алматыда өрт шыққан үйде өртке қарсы қорғаныс жүйесі істемеген. Бұл туралы «Ақкент» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдегі өрт оқиғасы бойынша өткен баспасөз мәслихатынан мәлім болды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Ерлан Әлібековтің айтуынша, көппәтерлі тұрғын-үйдің оңтүстік жағында өрт сөндіру техникасына арналған подъезд болмаған. Сол себепті сол жерде орналасқан пәтерлердің есіктерін қолмен сындырып, авто сатылар үшін жол ашуға тура келген.

«Бұл жұмысқа біраз уақыт кетті. Айту керек, үйдің тұрғындарының барлығы кондоминиум өкілдері және олар инженерлік жабдықтардың, оның ішінде өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің ұқыпты сақталуына жауапты. Кешегі жағдай тұрғын үйдегі түтінге қарсы қорғаныс жүйесінің жұмыс істемейтінін көрсетті. Егер ол жұмыс істесе қабаттарды қатты түтін баспас еді», - деді Ерлан Әлібеков.

Ол сондай-ақ мұндай үйлерде апаттық шығу жолы ретінде 5-қабатан бастап жоғары қабаттардың балкондарына дейін жалғасқан люктер болатынын айтты.

«Олардың барлығы жабық болды, егер ашық болған болса, жоғарғы қабаттардағы тұрғындар 5-қабатқа дейін түсіп, ары қарай біздің өрт сөндірушілер оларды эвакуациялайтын еді», - деді спикер.

Айта кетейік, 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Балаларын терезеден лақтырған сәт те видеоға түсіп қалды.

Алғашында 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Зардап шеккендердің арасында 2 жүкті әйел бар.

Кейінгі мәлімет бойынша, оқиға салдарынан 1 адам көз жұмды, 43-і зардап шекті. Оның ішінде 4 бала реанимация бөлімінде жатыр.

Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің төрағалығымен үй алдында жедел штаб құрылды. Тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Тегтер

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07