«Мақсатымыз – балаларды, әйелдерді, қарттарды қорғау»: бітімгер Конгодағы міндеті туралы айтты

Конгода БҰҰ бітімгершілік күштерінің саны – 12 мыңнан астам

Sarbaz.kz редакторы
14/02/2024 - 23:35

Фото: Kazcent

Фото: Kazcent

Қазақстаннан барған екі офицер Конго Демократиялық Республикасында тұрақтандыру жөніндегі БҰҰ миссиясының құрамында қызмет етіп жүр. Бұл туралы Sarbaz.kz Бітімгершілік операциялар орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Подполковник Алтынбек Жалмұханов пен майор Батыр Тұяқов өткен жылдан бері Африка құрлығында БҰҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясының құрамында қызмет атқарып жүр.

Алтынбек Жалмұханов миссияның орталық секторының Киванжа елді мекенінде әскери байқаушылар тобының командирі болып жұмыс істейді. Оның қарамағында Пәкістан, Иордания, Уругвай, Үндістан, Тунис, Непал, Оңтүстік Африка және Гана бітімгерлері бар. Ол сектордың әскери бақылаушылар тобының операциялық тиімділігін, қауіпсіздігін және әкімшілік әл-ауқатын қамтамасыз етуге жауапты.

«Мен көлік құралдарын, жабдықтар мен қоймаларды пайдалануды бақылау және авторизациялау үшін жауаптымын. Сол сияқты әскери қызметшілерді практикалық оқытумен айналысамын, команда мүшелерінің тиімділігін бағалауға бастамашы болдым. Әскери бақылаушылардың командалық жұмысында жедел ақпарат алмасудың маңызы зор», - деді подполковник А.Жалмұханов.

Өткен жылдың қазан айынан бастап майор Батыр Тұяқов Китчанга елді мекенінде БҰҰ миссиясының әскери бақылаушылар тобының офицері болып қызмет етіп келеді.

«Жергілікті аймақты күнделікті патрульдейміз. Жауапкершілік аймағындағы оқиғалар туралы ақпарт жібереміз. Бірақ біз үшін ең басты мақсат – халықтың осал бөлігін – балаларды, әйелдерді, қарттарды қорғау. Өңірде халықаралық ұйымдар жұмыс істейді, оларға гуманитарлық көмек көрсетеді», – деді майор Б.Тұяқов.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру миссиясы 1999 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен құрылды. Мақсат – екінші Конго соғысы аяқталғаннан кейін бейбітшілік процесін бақылау. 2024 жылғы жағдай бойынша Конгода БҰҰ бітімгершілік күштерінің саны – 49 елден 12 мыңнан астам әскери қызметші, оның ішінде екі қазақстандық офицер бар.

×

Редакция

$ 484.11  528.79  5.03