Газа секторында 28 мыңға жуық палестиналық қаза болды
Израиль Газадағы қақтығысты тоқтатып, тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмайынша, Таяу Шығыстағы жағдай ушыға береді. Бұл туралы Иранның Германиядағы бұрынғы елшісі Сейед Хусейн Мұсавиан мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі РИА агенттігіне сілтеме жасап.
«Израиль жазықсыз палестиналықтарды қыруды, қылмыстар мен геноцидтерді тоқтатпайынша, жағдай ушыға береді. Таяу Шығыстағы жағдайды реттеудің жолы – Газа секторында атысты тоқтату және тәуелсіз Палестина мемлекетін құру», - деді Мусавиан.
Отставкадағы дипломаттың айтуынша, АҚШ басшылығының Таяу Шығыс аймағындағы елдерге соққы беру туралы стратегиясы қақтығыстың одан әрі күшеюіне әкеліп соғады.
Айта кетейік, ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыс басталғалы бері Газа секторында 28 мыңға жуық палестиналық қаза болды. Қақтығыс сол сияқты Израиль мен Ливан, Сирия арасында да жалғасып жатыр.
Газа секторында ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыстың шиеленісуінен кейін Йеменнің хуситтер тобы Израиль аумағына шабуыл жасайтынын және бұл елмен байланысты кемелердің Қызыл теңіз бен Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтуіне жол бермейтінін ескертті.