Заң жобасында «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жетілдірілген
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Заң халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді және бірқатар нормаларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған.
Заң жобасында «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жетілдірілген.
Түзетулерді екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «қандас» мәртебесін беру тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа норма әзірледі. Енді «қандас» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәртібі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этникалық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары енгізіледі.
Сонымен қатар, азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін қолдана алатын адамдар санаты кеңейтілді.
Енді елімізде заңды түрде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының жесірлері тұру мерзіміне қарамастан оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен Қазақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ бұл қатарға халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар адамдар да кіреді.
Енді иммигранттарға жұмыс істеуге рұқсат беру шарттары өзгереді.
Еңбекші көшіп-қонушыларға бір айдан он екі айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Қазір мұндай рұқсат бір, екі, үш немесе он екі айдан кем болмауы қажет мерзімге беріледі. Бұл ретте жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың мерзімін ұзарту да бір, екі немесе үш ай болуы мүмкін.
Сонымен қатар енді жұмыс істеуге рұқсатты мерзімі біткенге дейін елден шықпай-ақ ең көбі үш айға ұзартуға болады.